Назарбаев Университетінде INURA қуатты импульсті ион үдеткіші іске қосылды

November 2, 2018

 Назарбаев Университетінде дәлдігі жоғары импульсті ион үдеткіші INURA (Innovative Nazarbayev University Research Accelerator) негізінде жаңа зерттеу кешені іске қосылды. INURA үдеткіші Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын «Заттың ауыспалы кезеңін, перспективалық материалдар мен энергия көздерін зерттеудің НУ – Беркли стратегиялық бағдарламасы» бесжылдық ғылыми-техникалық бағдарламасын іске асыру шеңберінде құрылды.

INURA үдеткіші әзірленген жоба Қаната Байғарин және НУ Ғылым және технологиялар мектебінің профессоры Александр Тихонов бастаған Назарбаев Университетінің ғылыми-зерттеу тобының жетекшілігімен жүргізіледі. Жобаның жауапты орындаушысы «National Laboratory Astana» ЖМ аға ғылыми қызметкері Марат Қайқанов болып табылады. Үдеткіш NLLB (АҚШ-тың Берклидегі Лоуренс Ұлттық зертханасы) және TPU (Томск политехникалық университеті, Ресей) бірлесіп жобаланған және құрастырылған.

INURA – 10 000-ға жуық ампермен, ұзақтығы 80 нс (наносекунд) және 400,000 эВ-қа дейін энергияны (протондар мен көміртегі иондары) беретін жоғары импульсті ион үдеткіші.
INURA үдеткіші іргелі және қолданбалы зерттеулердің кең ауқымы үшін әзірленген көп мақсатты зерттеу кешені болып табылады. Атап айтқанда, үдеткіш арқылы құрылған иондық сәуле түрлі қатты заттардың, соның ішінде наноматериалдардың құрылымдық модификациясы үшін бірегей және тиімді құрал болып табылады. Бұдан басқа, INURA үдеткіші жоғары қуатты иондық сәулелер физикасы және плазма физикасы сияқты салаларда жаңа ғылыми нәтижелер береді. Болашақта индустрия үшін тартымды технологиялар INURA үдеткіші негізінде әзірленетін болады: материалдың тозуға төзімділігін күшейту және ұлғайту, нанобөлшектерді синтездеу, биотехнология саласында қолдану.

INURA үдеткіші жақында (өткен айдың ортасында) НУ-да іске қосылғанына қарамастан Назарбаев Университетіндегі көптеген зерттеу топтары, сондай-ақ қазақстандық және шетелдік ғылыми орталықтар оны пайдалануға және бірлескен зерттеулер жүргізуге қызығушылық білдіріп отыр. Айта кету керек, үдеткішті әзірлеген зерттеу тобы ашық өткізгіш жабындарды модификациялау, нанобөлшектерді синтездеу, наноматериалдардың құрылымдық модификациясы және көлемдік плазмадағы наносекундтық шоқтарды зарядсыздандыруды зерттеу үшін импульстік сәулелерді пайдалану бойынша қаржыландырылған жобаларды жүзеге асырады