IV Халықаралық Азия Конгресі басталуда

August 16, 2017

Халықаралық мамандандырылған «Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 2017 жылдың 16-18 тамыз аралығында радиациялық зерттеулер бойынша IV Халықаралық Азия Конгресі өткізіледі.

Конгресстің мақсаты – Азиялық және өзге де мемлекеттердің жетекші ғалымдары мен радиобиологтары арасында атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану, радиациялық қауіпті кәсіпорындар қызметкерлері үшін радиациялық қауіпсіздікті медициналық қамту, иондаушы сәуле көздерімен жұмыс жасау барысында радиациялық қауіпті азайтудың жаңа, заманауи әдістерін және Қазақстан Республикасының уран, мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі жұмысшыларының аурушаңдығын тақырыптарын талқылау.   

Конгресс бұған дейін Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай Халық Республикасы мемлекеттерінде өткізілді. IV Конгресс жұмысына жетекші шетелдік ғалымдар тек Азия мемлекеттерінен ғана емес, сонымен қатар Европа мемлекеттерінен және Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) өкілдері қатысады. Бірқатар мемлекеттер делегация жібермекші: Қытай Халық Республикасы, Оңтүстік Корея, Жапония, сонымен қатар Германия, Франция, Ресей, Индия, Сингапур, Иран өкілдері келеді. Сондай-ақ, ғылыми – зерттеу институттарынан, республиканың тәжірибелік денсаулық сақтау мекемелерінен жетекші ғалымдары шақырылды.

Конгресстің пленарлық лекция және секцияларында жетекші ғалымдардың зерттеулері ұсынылады, іргелі зерттеулер нәтижелері және радиобиология, радиоэкология мен радиациялық қауіпсіздік мәселелері саласындағы қорытындылары талқыланады. Осы саладағы ғылыми зерттеулердің барлық негізгі бағыттары көрсетіледі.

Секциялық баяндамаларда қоршаған орта объектілеріне радиацияның әсер етуін бағалау, ағзаға иондаушы сәулелердің «аз» дозасының әсері мен оның механизмдері және халықтың радиациялық қауіпсіздігін медициналық қамту мәселелері қарастырылады. Сонымен бірге, молекулалық–генетикалық өзгерістер және олардың қашықтықта сәулелену эффектілерін дамытудағы рөлі сұрақтары талқыланады. Эпидемиологиялық зерттеулерге, ішкі және сыртқы сәулеленудің жеке дозаларын қайта қалпына келтіру нәтижелеріне  және де радиациялық қауіпті бағалау үшін электронды дерекқорды ұйымдастыруға елеулі мән беріледі.