«Heavy-Ion Inertial Fusion HIF2016» XXI Халықаралық конференциясы жұмысын бастады

July 18, 2016

Бүгін Назарбаев Университетінде XXI Халықаралық физика саласындағы ғылыми конференция «Heavy-Ion Inertial Fusion HIF2016» жұмысын бастайды. Бұл – ЭКСПО 2017 Халықаралық мамандырылған көрмесіне дайындық аясындағы іс-шаралар тізбегіндегі маңызды ғылыми оқиға. Конференция тақырыбы болашақ Энергиясы, инерциалды термоядролық синтезге, заманымыздың жаһандық энергетика мәселесінің шешуі бола алатын әдістердің біріне, арналған. Конференция барысында инерциалды термоядролық синтез саласындағы мамандар, жеделдеткіштер мен лазерлер, сондай-ақ тығыз плазма физиктері, болашақ энергиясының сарқылмас көзі – ауыр иондар инерциалды термоядролық синтезінің қазіргі қалпы мен жетілдіру жолдарын қарастырады.

Конференцияға жақын және алыс шетелдерден келген және Қазақстандық әйгілі әрі әлемдік деңгейдегі ғалымдар қатысады. Іс-шараның ұйымдастырушылары неміс физигі, профессор Дитер Хоффман (Dieter Hoffmann, GSI Helmholtz Center for Heavy Ion Research) бастаған конференцияның халықаралық комитетінің келесі мүшелері болды: Берклидегі (АҚШ) Лоуренс атындағы ұлттық лабораториядан келген Джо Хван (Joe Kwan) мен Питер Зайдл (Peter Siedl); Шигео Кавата (Shigeo Kawat), Жапония; Токио технологиялық институты профессоры Jun Hasegawa; Геннадий Ремнев (Томск), және басқа да көрнекті физик ғалымдар. Қазақстандық тарапты конференцияның тете төрағасы – Назарбаев университетінің ғылым және инновациялар вице-президенті – Қанат Байғарин, сондай-ақ Назарбаев Университетінің профессоры Александр Тихонов басқарады.

«Heavy-Ion Inertial Fusion» конференциясының тарихы 1976 жылы Берклидегі (АҚШ) Лоуренс ат. Ұлттық Лабораторияда басталды. Соңғы жылдары конференция Принстонда (Нью-Джерси, США, 2004 жыл), Сен-Мало (Франция, 2006 жыл), Токио (Жапония, 2008 жыл), Дармштадте (Германия, 2010 жыл), Берклиде (Калифорния, США, 2012 жыл), Ланьчжоуда (Қытай, 2014 жыл) өтті.

Екі жыл сайын инерциалды термоядролық синтез саласындағы мамандар, жеделдеткіштер мен лазерлер, сондай-ақ тығыз плазма физиктері зерттеулер нәтижелерін талқылау және маңызды мәселелер бойынша пікір алмасу үшін кездеседі. Биыл конференция мақсаттарының бірі болып Қазақстан және ТМД университеттері мен ғылыми орталықтардың халықаралық қауымдастықпен ынтымақтастық бағыттарының қалыптасқандарын нығайтып жаңаларын дамыту, сондай-ақ ғылым, технология және де термоядролық энергияны өндірудегі инерциалды әдісті одан әрі дамытуды ынталандыру болып табылады.

HIF2016 конференциясының негізгі бағыттары келесі мәселерді қамтиды: ауыр иондар инерциалды термоядролық синтезі; ыстық тығыз плазманың қоздырылған күйінің қаиетері: теория, тәжірибелер, диагностиканың заманауи әдістері; ионды көздер мен қуатты жеделдіткіштер; қуатты импульстік техника. Сонымен қатар, зерттеушілер ион шоқтарының плазмамен әсерлесуі, плазмадағы атомдық үрдістер және лазер сәулеленуінің затпен әсерлесу мәселелері бойынша пікір алмасады. Қазақстандық ТОКАМАК жобалары мен ядролық физикасы және күңгірт энергия мен материяның зерттеулері талқыланбақ. Бұл және басқа да бағыттар қазақстандық және шетелдік жетекші ғалымдардың қатысуымен Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana зертханасында белсенді түрде дамытылып жатыр. National Laboratory Astana зертханасында жобасы американдық және ресейлік ғалымдармен бірлесіп жасалған сынақтық INURA иондық жеделдеткіш жасалуда.

Назарбаев Университетінің инновациялар мен ғылым жөніндегі вице-президенті Қанат Байгарин конференцияның тұсаукесерінде атап өткендей:«HIF2016 – Қазақстанның университеттері мен ғылыми орталықтарын физика саласындағы әлемдік қауымдастыққа интеграциялауға және әлемдік деңгейдегі зерттеулерге қол жеткізуге тамаша мүмкіндік. Бұған қоса, HIF2016 қорытындылары ЭКСПО-2017 барысында талқыланатын заманымыздың жаһандық энергетика мәселелерін шешу ізденісіне септігін тигізеді».