IV Халықаралық Азия Конгресі басталуда

IV Халықаралық Азия Конгресі басталуда

August 16, 2017

Халықаралық мамандандырылған «Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017 көрмесі аясында 2017 жылдың 16-18 тамыз аралығында радиациялық зерттеулер бойынша IV Халықаралық Азия Конгресі өткізіледі.

Конгресстің мақсаты – Азиялық және өзге де мемлекеттердің жетекші ғалымдары мен радиобиологтары арасында атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану, радиациялық қауіпті кәсіпорындар қызметкерлері үшін радиациялық қауіпсіздікті медициналық қамту, иондаушы сәуле көздерімен жұмыс жасау барысында радиациялық қауіпті азайтудың жаңа, заманауи әдістерін және Қазақстан Республикасының уран, мұнай-газ және тау-кен өнеркәсібі жұмысшыларының аурушаңдығын тақырыптарын талқылау.   

Конгресс бұған дейін Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай Халық Республикасы мемлекеттерінде өткізілді. IV Конгресс жұмысына жетекші шетелдік ғалымдар тек Азия мемлекеттерінен ғана емес, сонымен қатар Европа мемлекеттерінен және Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) өкілдері қатысады. Бірқатар мемлекеттер делегация жібермекші: Қытай Халық Республикасы, Оңтүстік Корея, Жапония, сонымен қатар Германия, Франция, Ресей, Индия, Сингапур, Иран өкілдері келеді. Сондай-ақ, ғылыми – зерттеу институттарынан, республиканың тәжірибелік денсаулық сақтау мекемелерінен жетекші ғалымдары шақырылды.

Конгресстің пленарлық лекция және секцияларында жетекші ғалымдардың зерттеулері ұсынылады, іргелі зерттеулер нәтижелері және радиобиология, радиоэкология мен радиациялық қауіпсіздік мәселелері саласындағы қорытындылары талқыланады. Осы саладағы ғылыми зерттеулердің барлық негізгі бағыттары көрсетіледі.

Секциялық баяндамаларда қоршаған орта объектілеріне радиацияның әсер етуін бағалау, ағзаға иондаушы сәулелердің «аз» дозасының әсері мен оның механизмдері және халықтың радиациялық қауіпсіздігін медициналық қамту мәселелері қарастырылады. Сонымен бірге, молекулалық–генетикалық өзгерістер және олардың қашықтықта сәулелену эффектілерін дамытудағы рөлі сұрақтары талқыланады. Эпидемиологиялық зерттеулерге, ішкі және сыртқы сәулеленудің жеке дозаларын қайта қалпына келтіру нәтижелеріне  және де радиациялық қауіпті бағалау үшін электронды дерекқорды ұйымдастыруға елеулі мән беріледі.

Инсулин ендіру әдісімен айналысатын қазақ қызы

Инсулин ендіру әдісімен айналысатын қазақ қызы

August 15, 2017

2015 жылы Дана Ақылбекова есімді жас ғалым Ұлттық инновациялар байқауы аясында «Үздік жас ғалым» номинациясында жеңімпаз атанған болатын. Ол сайысқа адам ағзасына инсулин ендірудің жаңа тәсілін ұсынып, топ жарған еді. Инновациялық жобаның кейінгі өмірі туралы және ғалымның қазіргі жобалары төңірегінде әңгіме қозғау үшін арнайы Назарбаев Университеті жанындағы «National Laboratory Astana» орталығына қонаққа келдік.

- Дана, инсулинді енгізудің әдістерін зерттеумен айналысуға не түрткі болды?

- Бұл менің жеке ойлап тапқан жобам емес. Препаратты белгілі бір жерге енгізу мүмкіндігі әлем ғалымдарын қызықтыратын мәселе. Яғни дәрі-дәрмекті тамырға емес, микро түйіршіктер арқылы ағзаның қажетті бөлігіне  ендіру. Солардың бірі – диабет дертіне шалдыққандарға инсулин ендіру. Науқастар күн сайын қанын тексеріп, қант мөлшеріне байланысты инсулин алып отыру керек. Біріншіден, бұл - қымбат, екіншіден, дәріханаларда инсулин болмай қалуы мүмкін, үшіншіден, кішкентай балақайлар күнде арнайы құрылғымен жүреді – бұл ыңғайсыз және ойнауға кедергі келтіреді.

- Капсула қалай жұмыс істейді?

- Капсула ұйқы безіне ендіріледі. Өлшемі 230 микрометр. Оның ішінде инсулин шығара алатын адамның тірі жасушалары бар. Жасушалар адам ағзасындағы инсулин деңгейін сезіп, жетіспейтін бөлігін өздігінен шығарып береді. Капсула міндетті түрде сыртынан қапталу керек. Бұл қапты біз полимерден жасаймыз. Қаптың не үшін қажет екенін түсіндірейін. Сіздің ағзаңыз барлық бөгде нәрсені ыдыратады. Сондықтан жаңа жасушалар жойылып кетпеу үшін оларды қаптау керек. Қапты көбінесе зертханаларда жасайды, және бұл процесс өте көп уақыт алады. Алайда, әзірге бұл тәсіл зерттеу үстінде ғана. Біздің негізгі мақсатымыз минималды түрде ыдыратылатын материал ойлап табу. Арнайы материалдардың көмегімен иммунитетіміздің жауабын қадағалай аламыз және бұл өте үлкен жетістік. Яғни біз ағзамыз үшін бейтарап әрі ақылды материал ойлап таба аламыз деген сөз. Жалпы алғанда бұл өте қиын шаруа. Себебі материал өндіріс үшін қиын және аса қымбат болмау керек. Соған қоса түрлі химиялық, физикалық қиындықтар да жоқ емес. Тәжірибелер мен зерттеулер арқылы күндердің бір күнінде қажетті материал ойлап таба аламыз деп сенемін.

- Инсулин енгізу бойынша жобаңыз қазір қандай межеде?

- Адамды емдеудің жаңа жолы туралы ғылыми жұмыста бірінші кезекте концептіңіздің жұмыс істейтіндігін дәлелдеуіңіз керек. Біздер оны орындадық. Бірақ адам денесі бөгде нәрсені қабылдамайтындықтан зерттеуге тым көп уақыт кетті. Жоғарыда айтып кеткенімдей, денеге зат ендірген кезде иммундық реакция басталады. Адам ағзасы бәрін ыдыратып, жоюға кіріседі. Бұндай зерттеуді тек біз емес өзге де зерттеу топтары өткізіп жатыр. Шешімнің бірнеше жолдарын білеміз, бірақ бұл жеткіліксіз. Менің ойымша, барлығын тексеріп, нақтылап алу үшін әлі 10-15 жыл қажет.

- Сұхбаттардың бірінде тәжірибені тышқандарға жүргіздім деп айтқан болатынсыз. Зерттеу туралы айтып бересіз бе?

- Ия, әрине. 20 түрлі тышқанды 21 күн зерттедік. Олардың денесіне бөлшектерді ендіріп, ағзаларының реакциясын бақыладық. Әр бөлшектің өзіндік ерекшелігіне байланысты ағзада түрлі реакциялар болатынын аңғардық. Мысалы, көміртегі байланысының сәл өзгешелігі қызықты процесстер тудырған еді. - Сіз ағзаның бөлшекті қабылдауын зерттедіңіз, ал инсулинның қанға таратылуымен кім айналысты? - Зерттеудің бұл бөлігімен әріптесім жұмыс істеді. Яғни ол инсулин жасушадан ағзаға қалай өтетінін бақылады. Бөлінудің жылдамдығы, мөлшері, тәулік ішіндегі жиілігі секілді факторлар өте маңызды. Бөлшектің ішіндегі жасуша тірі болғандықтан, оған сәйкесінше оттегі мен қорек қажет. Сондықтан бөлшектің сыртындағы материал инсулинды ағзаға шығарып қана қоймай, жасушаға қажетті заттарды ішке қарай өткізе алу керек. Бұл да бір физикалық, химиялық ойын іспеттес. Адам ағзасы барлық бөгде нәрсені ыдыратады деп айтқан болатынмын, ал олай істей алмаса бөлшекті сыртынан фиброзды капсуламен қаптайды. Ал қажетті қорек ала алмаған микробөлшектің ішіндегі жасушалар өмірін тоқтатады. Сондықтан қазіргі негізгі жұмыс - ағзаның иммунды реакциясына төзе алатын, және жасушалардың өміріне қолайлы болатын материал ойлап табу. Осындай материал ғылым үшін үлкен жаңалық болып, мінсіз имплант жасауға мүмкіндік сыйлайды.

- Бұл бөлшекті адам ағзасына ендірген соң, қанша уақыт қолдануға болады?

- Шыны керек, нақты жауап айта алмаймын. Себебі барлығы адам ағзасына байланысты: ағзадағы инсулин шығаратын клетканың саны, қант мөлшері, адамның жасы, ұйқы безінің жұмысы және т.б факторлар. Нақты жауап тәжірибе мен зерттеулер арқылы белгілі болады. Ал ол үшін уақыт керек. Инсулин туралы зерттеулерімнің, аз да болса ғылымға үлес қосып жатқанына қуаныштымын. Бүкіл жұмысымның мәні адам өміріне, жалпы әлемдегі үдеріске пайда тигізе алсам деген ниетімде.

- Алдағы жоспарларыңыз қандай?

- Ғылыми жұмыстарымды зерттеуді әрі қарай жалғастырамын. Түрлі ұйымдардан грант алуға өтініштер беріп бастадым.

- Ол қандай ұйымдар?

- «Ғылым қоры» АҚ, Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік және тағы да басқалары.

- Дана, ендігі кезекте шет елде алған біліміңіз бен Қазақстандағы еңбек жолыңыз туралы айтып берсеңіз?

- Мен әл-Фараби атындағы КазҰУ физика факультетін 2007 жылы тәмамдадым. Кейін Америкадағы Rісе университетінде нано-технология бағыты бойынша білімімді жетілдірдім. Елге оралғаннан кейін магистратура білімінің жеткіліксіз екенін ұғынып, Iowa state университетіне докторантураға түстім. Оқуымды аяқтап, Қазақстанда жұмыс істеп жатқаныма 3 жыл болады. Қазір Назарбаев университеті жанындағы «National Laboratory Astana» орталығында аға ғылыми қызметкер ретінде қызмет етіп жүрмін. Бір қызық айтарым, бір жұмыспен айналысу үшін дәл сол саланың маманы болу міндетті емес. Менің физиканы жақсы білгенім медицинада күрделі мәселелерді шешуге өзге жолды ұсынуыма көмегін тигізді. Зерттеу барысында, мәселен, биологтар, химиктер, тапсырманың әр элементіне тым көп уақыт жұмсап, басты нәрсені назардан шығарып алу мүмкін. Ал физиктер мен инженерлер болса, мәселенің қарапайым шешу жолын көріп нұсқай алады. Сондықтан, жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші, бірігіп жұмыс істеген өте пайдалы деп есептеймін. Біздер бір-бірімізді физик, химик, биолог деп бөліп отырмаймыз. Барлығымыз ортақ нәрсемен айналысқандықтан бірдейміз. Менің ойымша, болашақта ғылымда пәнаралық зерттеулер көбеймек. 

- Оқудан келгеннен кейінгі өміріңіз қалай жалғасты?

- Қазақстанға оралған кезде бірінші байқағаным – ғалымдардың сабақтастығының болмауы. Яғни 90 жылдары көптеген ғалымдар ғылымнан кетіп қалды. Қазір қарасақ, ғылым саласынада 60-70 жасар аталарымыз бен 30 жасар мен сияқты жастар. Арамызда байланыстырушы орта жасты ғалымдар тіптен жоқ десе де болады. Жалпы алғанда ғылымның дамуында сабақтастық өте маңызды. Сол себепті болар, білім мен идея алмасу әзірге қиын жүруде. Өкініштісі, білім және ғылым министрлігі соңғы үш жыл ішінде жаңа жобаларға грант беруді тоқтатты. Гранттар тек бұрыннан келе жатқан зерттеулерге бөлінуде. Яғни қазіргі айналысып жүрген зерттеулерімізді өз күшімізбен іске асырудамыз. Сондықтан, жоғарыда айтып өткендей, түрлі ұйымдарға грант алуға өтініштер беруді бастадым. Болашақта бұл жағдай өзгереді деген үміттеміз.

- Барлық жобалардың ішінен қайсысы жаныңызға ерекше?

- Біздер Дамель Мектепбаева есімді жас ғалыммен бірігіп әлеуметтік жобамен айналысудамыз. Бұл әлемнің түкпір-түкпірінде жүрген қазақстандық ғалымдардың басын қосатын Scinet.kz сайты. Бұл сайт арқылы менторлық жетіспейтін жас зерттеушілер көмек таба алады. Сонымен қатар, кеңес керек болса, ғылыми жетекшінің пікірі керек болса, немесе оқуға барғысы келетіндер қайда және қалай дұрыс болатынын білмейтін болса, сайт көмегіне жүгіне алады. Қазіргі таңда 10-15 ғылым белсенді түрде сайттың жұмысымен айналысып отырмыз. Осы жобамыз арқылы әріптесім Дамель екеуміз Қазақстанның ғылымының дамуына үлесімізді қосқымыз келеді. Себебі, шыны керек, дарынды жастар өте көп, және оларға дер кезінде көмек көрсетіп, жол нұсқау керек.

- Әңгімеңізге көп рахмет, Дана!
Әңгімелескен Айгүл ШЕРНИЯЗ «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ «Егемен Қазақстан»
Толығырақ: https://egemen.kz/article/156763-insulin-engizudinh-zhanha-adisin-tapqan-qazaq-qyzy

Қазақ ғалымы 1 минутта қуат жинайтын батарея ойлап тапты

Қазақ ғалымы 1 минутта қуат жинайтын батарея ойлап тапты

August 9, 2017

Көп ұзамай ұялы телефондарға арналған литий-йонды аккумуляторларды небәрі 1 минутта қуатталатын күкіртті батареялар алмастыруы мүмкін. Тың жаңалықтың авторы – профессор Жұмабай Бәкенов. Ол өнертабысын Назарбаев Универтисетінде өткен халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясында таныстырды. Жаңа өнім 30% арзан және энергия сақтау мүмкіндігі 10 есеге жоғары. Ең бастысы – адам өмірі үшін қауіпсіз. Себебі батарея өндірісінде қолданылатын кобальт, марганец және қорғасын күкіртпен алмастырылған. ЭКСПО көрмесіне қойылған жоба 15 млн долларға бағалананып отыр.

Жұмабай Бәкенов, техника ғылымдарының докторы, профессор:  -Бұл аккумуляторды біз кез келген мобильді қолдануға жарайды деп айта аламыз. 1 минутта зарядтап аласыз, қазіргі аккумуляторды оларды 2-3 айда ауыстырып отыру керек. Біздің аккумуляторды күнде емес, 4-5 күнде бір зарядтайсыз.

Источник: http://khabar.kz/kz/news/kogam-kz/item/87744-aza-alymy-1-minutta-uat-zhinajtyn-batareya-ojlap-tapty

“INESS-2017” конферециясы басталуда

“INESS-2017” конферециясы басталуда

August 1, 2017

Сіздерді 2017 жылдың 9-11 тамыз аралығында Назарбаев университетінде өтетін «Наноматериалдар мен озық энергия сақтау жүйелеріне арналған V халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясына» (INESS-2017) қатысуға шақырамыз. Конференцияның ұйымдастырушылары «Институт аккумуляторов» ЖШС, National Laboratory Astana (NLA) және Назарбаев Университеті (NU) (http://nu.edu.kz/ru).

INESS Elsevier Inc.: сайтындағы ғаламдық оқиғалар тізіміне енгізілген  http://www.globaleventslist.elsevier.com/events/2017/08/5th-international-conference-on-nanomaterials-and-advanced-energy-storage-systems-iness-2017

INESS-2017 конференциясының негізгі бағыттары:

  • Энергетикаға арналған инновациялық наноматериалдар
  • Энергия сақтау, өндіру және жинаудың инновациялық жүйелері
  • Электрохимиялық датчиктер мен электроаналитикалық қосымшаларға арналған материалдар
  • Баламалы озық энергетикалық қосымшаларға арналған материалдар мен технологиялар
  • Катализ және отындық элементтер
  • Батареямен мониторинг және басқару жүргізілетін жүйелер
  • Батарея қауіпсіздігі мен утилизациясы
  • Электротранспорт пен тұрақты энергия сақтау жүйелеріне арналған аккумуляторлы батареяларды дамыту
  • Материалтану және энергияның түрлену жүйелеріндегі модельдеу құрылғылары
  • Энергия және қоршаған орта

Конференцияда Thompson Reuters семинарларымен сессия болады.

Мұқият тексерулер мен рецензенттің түсіндірмелеріне сәйкес өзгертулерден кейін конференцияда баяндалған жұмыстар жинақ түрінде импакт-факторы жоғары журналда басып шығарылады (Elsevier: SCOPUS компаниясы).

Конференцияға әлемнің озық елдерінен келген ғалымдар (Жапаноия, Корея, Қытай, Франция, Швейцария, Ресей, т.б.) қатысады және материалтану, нанотехнология, экология, қайта қалпына келетін энергия көздері және энергия сақтау жүйесі саласындағы дамулар мен мәселелер жөнінде өз зерттеулерімен бөліседі.

INESS-2017 конференциясының өту барысы бірнеше ТВ каналдарда, газеттер мен интернет-сайттарда баяндалады.

INESS-2017 ашық іс-шара, сондықтан  барлық ғылым және білім, өндіріс саласындағы қызметкерлер мен студенттер, инвесторлар аталмыш конференцияға қатысуға шақырылады.

INESS конференциясы елімізде 2013 жылдан бері өткізіліп келуде (Астана, Алматы қ.). 2017 жылы конференцияға Жапония, Корея, Франция, Қытай, Ресей, Канада, БАӘ, Ұлыбритания, Түркия және Қазақстан мемлекеттерінен келген жетекші ғалымдары мен студенттері қатысады, сонымен қатар материалтану, нанотехнология, экология, қайта қалпына келетін энергия көздері және энергия сақтау жүйесі саласындағы жаңа жетістіктер мен мәселелер жөнінде өз зерттеулерімен бөліседі.

Толық ақпаратты www.iness2017.com ресми сайтынан ала аласыздар. Алдағы өткен конференция жөніндегі ақпаратты  http://iness.batterykazakhstan.com/index.php /iness-2016/ сілтемесінен көре аласыздар.

Сіздермен INESS-2017 конференциясында кездесуді асыға күтеміз!

Құрметпен,

Ұйымдастырушы комитет төрағасы

Профессор Жұмабай Бакенов,

Инженерия мектебі, Назарбаев Университеті,

«Институт аккумуляторов» ЖШС,

Қабанбай батыр даңғылы, 53 Астана 010000 Қазақстан

Тел.: +7 7172 70 65 30; Email: zbakenov@nu.edu.kz

Веб-сайт: https://nu.edu.kz, batterykazakhstan.com